Көктемнің жарқын мерекесі – Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісумен жаңа жылды қарсы алады. Осыған орай, Маңғыстау облысының көпбейінді балалар ауруханасы мен Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансері «SENІМ» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағымен бірлесіп іс-шара өткізді. Биылғы наурыз мерекесі аса үлкен дайындықпен, сән салтанаты асқан көркемдікпен өтіп жатыр. Аталған медицина ұйымдарында киіз үй тігіліп, наурыз көже пісіріліп, ұлттық ойындардан жарыс та өткізілді.
Іс-шараға Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Жұмыров, «Senim» кәсіподағының төрағасы Қ.Бейсенов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Е. Қосмағанбетов, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Н.Мухамбетярова, облыстық балалар ауруханасының директоры Г.Ермекбаева және онкологиялық диспансерінің директоры Н.Джариев медицина қызметкерлерін наурыз тойымен құттықтап, ынтымақ пен бірлік, береке тіледі.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының көпбейінді балалар ауруханасы мен облыстық онкологиялық диспансерінің белсеңді қызметкерлері «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ – нің және Маңғыстау облыстық филиалының Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында медицина ұйымдарының қызметкерлері ән айтып, қыздар би биледі. Қазақ салт-дәстүрін насихаттайтын қойылымдар қойылып, шашу шашылды. Тартысқа толы ұлттық ойындар ойнатылды. Қонақтар мен дәрігерлерге арналған ақ дастарқан жайылды.